Алматыда «Жасыл аула» науқаны басталды

Алматыда «Жасыл аула» науқаны басталды
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы «Жасыл аула» науқанының басталғандығын хабарлайды. 30 наурыздан бастап қала тұрғындарынан көпқабатты үйлердің ауласы мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру үшін жапырақты көшеттерді алуға өтінімдер қабылданады. Көшеттер тегін беріледі, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Науқан аясында бір адамға 20-ға дейін көшет бөлінеді, бұл ретте өтініш беруші отырғызылған ағаштарды алдағы үш жыл бойы күтіп-баптау туралы кепілді міндеттемеге қол қоюы тиіс.

Өтінімдерді қабылдау 2024 жылғы сәуірдің 8-не дейін жалғасады. Көрсетілген уақыттан кейін жолданған өтініштер қабылданбайды.

Қатысу үшін Jasyl.aula.almaty@gmail.com электронды поштасына келесі мәліметтерді жолдау қажет:
1. Қатысушының аты-жөні мен телефон нөмірі, ағаш отырғызылатын орынның нақты мекенжайы;
2. Ағаш отырғызылатын орынның фотосы (мамандарға орынды толықтай бағалауға мүмкіндік болуы үшін панорамалық форматта болғаны жөн);
3. Сұралып отырған көшет саны.

Көшеттерді тарату Алматы қ., Әуезов ауданы, Юрий Ким к-сі, 9 («Eco Almaty» ЖШС) мекенжайында 2024 жылдың 13, 14 сәуіріне жоспарланған. Отырғызылған көшеттердің суретін жіберу қажет.

Қосымша ақпарат алу үшін Алматы қ. Экология және қоршаған орта басқармасының Жасыл қорды басқару және мониторинг бөліміне мына байланыс нөмірлері бойынша хабарласуға болады: +7707 546 1770, +7 727 390 41 17.