Алматыда жалғызбасты әйелдің үйіне қарақшылық шабуыл жасалды

Алматыда жалғызбасты әйелдің үйіне қарақшылық шабуыл жасалды
Сурет: Inform.kz

Алматыда жеке үйге қарақшылық шабуыл жасалды

Қарақшылық шабуыл түнгі сағат үш шамасында орын алған. Қайсенов көшесіндегі үйлердің біріне үш адам басып кірген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

«Белгілі болғандай, олар алдын ала белгіленген жоспар бойынша әрекет еткен. Шабуыл жасағандар үйде жалғызбасты әйелдің тұратынын білген. Күдіктілердің рөлдері нақты бөлінген: екеуі қылмыстық ниеттерін жүзеге асырды, біреуі жағдайды бақылау үшін қақпаның жанында қалды. Қаскөйлер үй иесін соққыға жыққан. Олар өздерімен бірге құны 2 миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымдарды алып кеткен. Ауыр қылмысты ашу мақсатында қалалық криминалдық полиция қызметкерлерімен күшейтілген жедел-іздестіру тобы құрылды. Қарақшылық шабуыл ашылды. Үш күдіктінің екеуі ұсталды. Қашқынды қолға түсіру уақыт еншісінде. 37 жастағы Ж. есімді азамат, сонымен қатар 25 жастағы Ц. есімді азамат қамауға алынды. Айтпақшы, екеуі де бұрын бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін жазасын өтеген», – деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.

Ұсталғандардың айтуынша, олар шабуыл жасамас бұрын үйді бірнеше күн бақылаған. Олардың олжасы өзара бөлісіп алған асыл тастар болды. Кейбіреуін сатқан, ал түскен ақшаны өз қалаулары бойынша жұмсаған.