Алматыда «жалған полиция қызметкерлері» көбейіп кеткен

Алматыда «жалған полиция қызметкерлері» көбейіп кеткен
Сурет: Mail.kz

Нағыз полиция мамандары қала тұрғындарын сақ болуға шақырды. 

Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов тұрғындарды интернет-алаяқтардан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Қылмыскерлер мынандай схемамен әрекет етеді: олар ұялы телефонға қоңырау шалып, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырады. Соның ішінде менің де атымды атауы мүмкін. Содан кейін сіздің атыңызға несие алмақ болған алаяқтарды ұстау үшін қазір арнайы операция жүргізіліп жатқанын ескертеді»,- деп жазды Рустам Әбдірахманов өзінің телеграм-каналында. 

Рустам Әбдірахмановтың айтуынша, «жалған полиция қызметкерлері» қазір ҚР Ұлттық банкімен бірлесіп жұмыс істейтінін хабарлап, дәл сол кезде олармен байланысатынын айтып, желіде қалуды сұрайды. Бұл – алаяқтардың тағы бір әрекеті. 

«Одан кейін телефонның арғы жағындағы адам сіздің картаңызға рұқсатсыз ақша аудару әрекеттері жүріп жатқанын және ақшаңызды сақтау үшін банк шотына немесе үшінші тұлғалардың шотына белгілі бір соманы салу керек екенін айтып, үгіттейді»,- деп атап өтті полиция өкілі. 

Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары полиция қызметкерлері ешқашан телефон арқылы арнайы операциялар мен тергеу әрекеттерін жүргізбейтінін ескертті. 

«Мұндай жағдайларда телефонмен сөйлесуді тоқтатып, банк картасында немесе банк сайтында көрсетілген сенімді нөмірге қайта қоңырау шалу керек. Қандай жағдай болмасын банк картаңыздың деректерін, сонымен қатар жеке басыңызға қатысты мәліметтеріңізді ешкімге айтпаңыз, жібермеңіз», – деді Рустам Әбдірахманов.