Алматыда жалған автокөлік бөлшектерін сатумен айналысқан топ ұсталды

Алматыда жалған автокөлік бөлшектерін сатумен айналысқан топ ұсталды
Сурет: Rbc.ru

Тергеу барысында 106 мыңға жуық жалған автокөлік бөлшектері тәркіленді.

Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, Алматыда танымал брендтердің атын жамылып, жалған автокөлік бөлшектерін сатумен айналысқан топ ұсталды, - деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Жедел іс-шаралар барысында жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеден аса сомаға «Тойота», «Лексус», «Хюндай», «Хонда» тауар белгісі бар контрафактілік авто бөлшектер қоймасы жойылды. Алматы қаласы бойынша ҚМА аумақтық департаменті қалалық прокуратураның үйлестіруімен жоғарыда аталған тұлғаларға қатысты соталды тергеу амалдарын аяқтады», - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, контрафактілік қосалқы бөлшектер фирмалық қораптарға салынып, Қазақстанның көлік базарларына таратылған.

Қазір іс сотта қаралып жатыр. Қаржы мониторингі агенттігі тауар таңбаларының заңсыз пайдаланылуын анықтау және адал бизнесті қорғау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.