Алматыда зардап шеккен шағын және орта бизнеске жылдық 2%-бен жеңілдетілген несие беріледі

Алматыда зардап шеккен шағын және орта бизнеске жылдық  2%-бен жеңілдетілген несие беріледі
Сурет: Vipidei.com

Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген.

Алматы қаласының мәслихаты «Almaty Business-2025» өңірлік бағдарламасына 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер барысында зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілері үшін жаңа несиелік өнім енгізу бөлігінде өзгерістерді бекітті. Жеңілдікті несиелеу 12 айға дейінгі мерзімге жылдық 2%-бен 10 млн теңгеге дейін айналым қаражатын толықтыру үшін қарастырылған. Қарыз кепілге немесе «Алматы» ӘКК» АҚ ішінара кепілдігімен беріледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген, бағдарлама операторы «Almaty» МҚҰ» ЖШС болып табылады. Кәсіпкерлерге өтінім беру үшін мына мекенжайға хабарласу қажет: Алматы қ., Байзақов көшесі 303, каб 201, Алматы МҚҰ кеңсесі, анықтама телефоны 2810 (ұялы телефоннан тегін), +7 727 356 02 80 (қалалық нөмірлерден).

Бұрындары ХӘОТ санатындағы (халықтың әлеуметтік осал топтары) тұлғаларға және өндірістік парктердің резиденттеріне «Almaty Business-2025» бағдарламасы аясында жылдық 2%-бен жеңілдетілген несиеге қарастырылған болатын.

Сонымен қатар, Алматыда зардап шеккен ШОБ субъектілері коммуналдық шығындардан 3 айға, қаланың коммуналдық меншігін жалға алушылар 6 айға жалдау ақысынан босатылды. Қосымша, «Almaty Finance» ЖШС және «Almaty» МҚҰ» ЖШС-да оларға негізгі қарызды өтеу бойынша мерзім кейінге қалдырылды, 180 күнге дейінгі мерзімге несиелік міндеттемелер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдар жойылды.