Алматыда үздік жасақ бастығы анықталды

Алматыда үздік жасақ бастығы анықталды
Сурет:Polisia.kz

Сотталған адамның бас бостандығынан айыру орнындағы ең жақын жанашыры – жасақ бастығы.

Алматыда үздік жасақ бастығы анықталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жазалы адамдардың қоғамға қайтадан қалыпты азамат болып оралуына ең көп еңбек сіңіретін де жасақ бастығы. Осындай жауапты жұмыстың жүгін арқалап жүрген жасақ бастықтарының арасында жыл сайын «Үздік жасақ бастығы» деген конкурс ұйымдастырылып тұрады.

Конкурстың мақсаты – жасақ бастығының сотталғандар арасындағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту, олармен тәрбие жұмысының сапасын арттыру жолындағы кәсіби шеберлігін шыңдау.

Биылғы конкурста жасақ бастықтары жасақтағы тәрбие жұмысын ұйымдастырудан, сабақ өткізуден, жасақ бастығының жұмыс бөлмесін, тәрбие жұмысына арналған бөлмені, сотталғандардың жатын бөлмелерін безендірудің жаңа әдістері туралы түсірілген бейнероликтерін сынға салды. Сондай-ақ, конкурсқа қатысушылар медициналық және кәсіби даярлықтары бойынша да жарысқа түсті.

Конкурстың соңғы кезеңінде жасақ бастықтары ән шырқап, күмбірлете күй тартты, тебірене өлең оқыды. Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған ЛА-155/6 мекемесінің жасақ бастығы Бекзат Жақанов алдағы уақытта конкурстың Қостанай қаласында өтетін үшінші кезеңіне қатысып, бақ сынайтын болады.