Алматыда ұрланған көлік Шымкенттен табылды

Алматыда ұрланған көлік Шымкенттен табылды
сурет: Алматы ПД

Көлік ұрлаған жігіт «жәбірленушінің өз ұлы тапсырыс бергенін» айтты.

Алматыда ұрланған көлік Шымкенттен табылды. Көлікті ұрлаған адам осылай істеуге «тапсырыс түскенін» айтқан, - деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, «Хюндай» көлігінің ұрланғаны туралы иесі полицияға хабарлаған. Әйелдің айтуынша, белгісіз біреу оның «Дарабоз» шағынауданындағы үйлердің бірінің ауласында тұрған шетелдік көлігін ұрлап кеткен.

«Осы қылмысты ашу мақсатында қалалық криминалдық полиция және Алатау аудандық полиция басқармасының қызметкерлерінің арасынан жедел тергеу тобы құрылды. Біз бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндіктерін белсенді түрде пайдаландық, оның көмегімен, ең алдымен, көлікті ұрлаған адамның қозғалу бағыты мен нөмірді ауыстыру дерегі анықталды. Күдік тудырмас үшін қаскөй ұрланған көлікке дәл сондай «Хюндай» көлігінің нөмірлерін орнатқан. Жедел іздестіру шараларының тізбегі жедел уәкілдерді Шымкент қаласына алып келді. Күдікті сол жерде ұсталды», - деді Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Дидар Аханов.

Алайда ұсталған адам - 2000 жылы туған К есімді азамат, жәбірленушінің ұлы шетелдік көлікті ұрлауға «тапсырыс бергенін» айтқан. Екеуі дос болып шықты.

«Біз нақты мән-жайды, қылмыстың себебін анықтаймыз. «Тапсырыс туралы» нұсқа да мұқият тексеріліп жатыр. Жастар сақтандыру төлемдерін алу үшін ұрлықты жоспарлаған болуы да мүмкін. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», - деді полковник Аханов.