Алматыда ұрланған қарудың ірі партиясы табылды

Алматыда ұрланған қарудың ірі партиясы табылды
Сурет: Inform.kz

Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Алматы қаласында 5-6 қаңтарда болған тәртіпсіздіктер кезінде қару сататын дүкендерден ұрланған қару-жарақ партиясы табылды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекиев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Оңал Бекиев атап өткендей, Алматы әуежайындағы тәртіпсіздікке қатысқан Өзбекстанның 23 жастағы азаматы ұрлық жасады деген күдікпен ұсталып, тұрғылықты жерінен 2 пышақ пен 1 пневматикалық тапанша тәркіленді.

Сондай-ақ полицейлер оның 43 жастағы сыбайласын анықтап, ұстады.Тінту барысында пневматикалық қарудың 19 бірлігі мен оларға арналған патрондар, 10 пышақ, 1 арбалет, 6 оптикалық көзілдірік және 3 оптикалық құрылғы тәркіледі.

«Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр», - деп қорытындылады полиция генерал-майоры.

Сонымен қатар күдіктілердің басқа да сыбайластарын анықтау және ұстау шаралары жүргізіліп жатыр.