Алматыда V Қысқы республикалық спартакиада аяқталды

Алматыда V Қысқы республикалық спартакиада аяқталды
Сурет: Inform.kz

Алматылық спортшылар жеңіске жетті

Алматы қаласының спорт басқармасында мәлім еткендей, 4-27 желтоқсан аралығында өткен V Қысқы республикалық спартакиададаның қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Алматы қаласының спортшылары жеңіске жетті (5795,4 ұпай), деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Екінші орынды ШҚО командасы алды (5664 ұпай). Үшінші орын Ақмола облысының спортшыларына бұйырды (2593 ұпай). Алматылық атлеттер 6 алтын және 5 күміс медаль иеленді.

Жүлдегерлер кубоктар, медальдар және мақтау қағаздарымен марапатталды. Спартакиаданың аяқталу рәсімі бүгін «Almaty Arena» мұз айдынында өтті. Айта кетейік, бұған дейінгі өткен спартакиада да алматылық спортшылар жеңімпаз атанған болатын.

Еске салсақ, Алматыда V Қысқы республикалық спартакиада 21 желтоқсанда салтанатты түрде ашылған еді. Қысқы спорт ойындарына еліміздің ең мықты спортшылары: биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккей (ерлер), шайбалы хоккей (әйелдер), тау шаңғысы спорты, аралас шаңғы, шаңғымен секіру, сноуборд, фристайл-могул, фристайл акробатика спорт түрлері бойынша сынға түсті.