Алматыда түрмеге тыйым салынған заттарды өткізбек болғандар ұсталды

Алматыда түрмеге тыйым салынған заттарды өткізбек болғандар ұсталды
Сурет: Polisia.kz

Алматыда түрмеге тыйым салынған заттарды өткізбек болғандар ұсталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелердегі туысқандары мен жақындарына сәлемдеме әкелушілер үшін тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет жасағандарға қолданылатын жаза жайлы жазбаша ескертпелер көрнекі жерде ілініп тұрады. Соған қарамастан, сотталғандар мен тергеу тұтқынындағыларға тыйым салынған заттарды жасырын түрде өткізуге тырысатындар көптеп кездеседі.

Алматы қаласындағы тергеу изоляторында 1000-нан аса тергеу тұтқынындағылар мен сот үкімінің күшіне ену уақытын күтіп жатқандар бар. Заңға қайшы әрекет жасап, оларға есірткі мен ұялы телефондар жеткізуге әрекет жасайтындар да осы мекемеде жиі анықталады. Мысалы, жуырда ЛА-155/18 мекемесінің сәлемдемелерді қабылдау бөлмесінде конфеттің ортасына өсімдік тектес есірткі затын жасырып әкелген Т. есімді адам ұсталды.

27 жастағы азамат 8 дана конфеттің ортасына салынған есірткілік затты тергеу тұтқынындағы И-ға әкелген. Тыйым салынған затты қитұрқылық жолмен өткізбекші болған Т-ның Алматы облысы Қаскелең қаласының тұрғыны екені анықталды.

Тағы бір мысал – осы ЛА-155/18 мекемесіндегі сотталған М-ның атына Айгерім атты азаматшадан пошта арқылы келген сәлемдемеден екі дана Nokia маркалы ұялы телефоны табылды. Аяқ киімнің ұлтанына жасырған ұялы телефондарды бақылаушылар сәлемдемелерді тексеру кезінде анықтады.

Тергеу изоляторындағы М. ҚР ҚК-нің 188-бабы 4- бөлігінің 3-тармақшасы бойынша 8 жыл 11 ай мерзімге сотталып, сот үкімінің заңды күшіне ену мерзімін күтіп жатқан болатын. Тыйым салынған заттарды өткізбекші болған әрекеттер кезінде Алматы қаласы Түрксіб аудандық ПБ-нан жедел тереу тобы шақырылып, құқық бұзушыларға тиісті жаза белгіленуде.