Алматыда Терренкур қайта жаңғыртудан кейін ашылды

Алматыда Терренкур қайта жаңғыртудан кейін ашылды
Суреттер: Қ.Қонысбаев

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен Кіші Алматы өзен арнасы, Терренкур жаңартудан өтті. Оны шаһардың Жасыл экономика басқармасы бастығы Наталья Ливинская тұрғындармен бірге ашты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алаңға 150 ағаш, 5 мыңнан астам бұта отырғызылып, навигациялық бағыттағыштар қойылды. Сондай-ақ, қала тұрғындарының ұсыныстары бойынша автотұрақтың орнына спорттық және балалар ойын алаңдары құрылып, дәретханалар орнатылды.

Сонымен қатар, Терренкурда жаңадан орындықтар, шезлонгтар және гүлзарлар істелді. Сәтбаев көшесінің төменгі жағы, гидротехникалық құрылыстың маңы абаттандырылды. Барлық шешімдер жергілікті тұрғындармен және әлеуметтік белсенділермен талқыланғанын атап өткен жөн.

Кіші Алматының кейбір бөліктерін қалпына келтіру 2020 қолға алынған.  Бас-аяғы, су бөлгіштен бастап, Достық даңғылы, оның ішінде гидротехникалық құрылыстардан Мақатаев көшесіне дейінгі, ұзындығы 8,9 км учаскеде жұмыстар жүргізілетін болады.

 Жұмыстың көп бөлігі бүгінгі күнге дейін жасалды. Атап айтқанда, ыңғайлы көпірлер демонтаждалды және жаяу жүргіншілер өткелдері ұйымдастырылды.   Сонымен бірге, өзен арнасы қоқыстардан тазартылып, габион құрылымдары жөнделді.