Алматыда тазарту жұмысы тұрақты жүріп жатыр

Алматыда тазарту жұмысы тұрақты жүріп жатыр

Көшелерді тазарту ісіне 835 арнайы техника, оның ішінде 255 суару машинасы, 57 тротуар тазалағыш, 159 трактор, сондай-ақ 1433 жол жұмысшысы жұмылдырылған.

Қазіргі кезде Алматы қаласының аумағын тазарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қала көшелері, тротуарлар жуылуда, көпшілік пайдаланатын жерлер, арықтар санитарлық тазартудан өтуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қатты жауын-шашын кезінде судың кедергісіз ағып кетуін ұйымдастыру үшін арықтар және жолдың қозғалыс бөлігінің астындағы арық өткелдері тазартылуда. Жалпы, 1 161,7 км тазартылды. 27 мың м3 қоқыс пен лай сыртқа шығарылды.

1 маусымдағы жағдай бойынша, 43,7 км болатын жол бойындағы шөптер орылды. Бұл іске 124 шөп шабатын және газон оратын техника жұмылдырылды.
Санитарлық тазарту жөніндегі «Бірге таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 2021 жылғы 5 маусымда Алматы қаласының барлық сегіз ауданында коммуналдық мердігерлердің қатысуымен сенбілік ұйымдастырылады, оған 80 техника бірлігі, 370 адам жұмылдырылады. Осы акция аясында стихиялық қоқыстар алынады, рекреациялық аймақтар, бос жерлер тазартылады.

Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу үшін, «Алматы тазалық» МКК 8 сәуірден бастап 1933 қоғамдық көлік аялдамаларын, сондай-ақ жаяу жүргіншілер аймақтары мен тротуарларды аптасына 2 рет дезинфекциялауда. Күн сайын 500 мың м2 тротуар мен 50 мың м2-нан астам аялдаманы дезинфекциялау үшін шамамен 115 мың литр ерітінді қолданылады. Бұл іске 29 техника бірлігі, 20 дезинфекциялаушы жұмылдырылды.

Аудан әкімдіктері кестеге сай аптасына екі рет саябақтарды, скверлерді, жерасты және үсті жүргінші өткелдерін және халық көп жиналатын орындарды дезинфекциялайды.

Зарарсыздандыру жұмыстарын күн сайын 38 арнайы техника бірлігі және 96 дезинфекциялаушы жүргізеді.