Алматыда танысының шотындағы ақшасын аударып алған жігіт ұсталды

Алматыда танысының шотындағы ақшасын аударып алған жігіт ұсталды
Сурет: Кvartal-sobitii.ru

Сотқа дейінгі тергеу барысында күдікті жәбірленушінің телефонын ұрлап, банк қосымшасына заңсыз кіріп, ақшаны жымқырғаны анықталды.

Алматыда 23 жастағы жігіт танысының телефонын ұрлап, шотынан ақшасын аударып алған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Ол гаджет пен ақшаны танысынан ұрлап кеткен. Тағы бір жолы күдікті өтіп бара жатқан адамнан қоңырау шалу үшін телефонын сұрап, мобильді қосымшасын ашып, ақшасын өз есепшотына аударып алған. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында жоғарыда аталған ұрлықтарды жасаған адам ұсталды. Ол 23 жастағы Х. есімді азамат болып шықты. Қазіргі уақытта күдіктінің екі эпизодқа қатысы бар екені дәлелденді. Осы деректер бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды», – дейді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.

Ұсталған азамат өз кінәсін мойындап, аталған қылмыстарға өзінің қатысы барын растады. Оған «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.

«Ал біз жас жігіттің қалада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатырмыз. Істің толық және жан-жақты тергеуін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілуде, нәтижесінде қазіргі қылмыстық іс сотқа жолданатын болады», – деді Ұлан Әбілқайыр.