Алматыда тағы үш метро станциясы салынады

Алматыда тағы үш метро станциясы салынады
Сурет: Inform.kz

Алматы-1 теміржол вокзалына дейін метроны дамыту бойынша ұсыныстар дайындалады.

Алматыда 3 жаңа метро станциясы салынады. Бұл туралы шаһар басшысы Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарын талқылау барысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жобаны талқылауға қаланың қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары мен сарапшылар қауымдастығы өкілдері қатысты.

«Біз агломерациядан келіп, негізгі қақпалардан кіретін трафикті жеңілдетуге бағытталған 4 көлік-ауысып отыру хабын ұйымдастырамыз. Батыс бағытта 3 жаңа метро станциясы салынады. Алматы метросын одан әрі дамыту аясында солтүстік бағытта Алматы-1 теміржол вокзалына дейін метроны дамыту бойынша ұсыныстар дайындалады»,- деді Ерболат Досаев.

Сонымен қатар, ол биыл қазан айына дейін Төле би көшесінде LRT – жеңіл рельсті көлік құралын дамыту жөнінде шешім қабылданғанын жеткізді.

«Сондай-ақ велокөлікті белсенді қолдауға ниеттіміз, сондықтан жыл сайынғы қаржыландыру негізінде келесі жылдан бастап веложолдардың ұзындығын 2025 жылы 60 км-ге дейін және жыл сайынғы қаржыландырумен 2030 жылы 125 км-ге дейін, яғни 2 есе ұлғайтамыз»,- деді әкім.