Алматыда тағы бір қару-жарақ арсеналы табылды

Алматыда тағы бір қару-жарақ арсеналы табылды
inform.kz

Алматыда тағы бір қару-жарақ арсеналы табылды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

Қару-жарақ жасырылған орынды Алматы қаласындағы ЛА-155/18 Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлері анықтады.

«Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін ұсталған, қамауға алынған азаматтардан қару-жарақ пен оқ-дәрілердің жасырылған орны туралы ақпарат алынды. Ол қаланың криминалдық полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Мекемеміздің жедел бөлімінің қызметкерлері КПБ және Медеу аудандық полиция басқармасындағы әріптестердің көмегімен Медеу трактіне апаратын орман белдеуінде жасырын қойманың орналасқан жері анықталды. Күдіктілер қару-жарақ пен оқ-дәрілерді жасырып қойған. Айта кетерлігі, күдіктілер қару-жарақ жасырылған жерді жылдам табу үшін жанындағы ағашқа із қалдырған. Негізі біз сол арқылы таптық», – деді Алматы қаласы бойынша ЛА-155/18 ҚАЖД мекемесі бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары Азамат Аманжолов.

Тергеу-жедел тобымен револьвер, шолақ мылтық, патрондар, гранаталар, түтін гранаталары тәркіленді. Табылған қару-жарақ арсеналы сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді.