Алматыда тәртіпсіздіктерден зардап шеккен кәсіпкерлерге 3,7 млрд теңгеден астам өтемақы төленді

Алматыда тәртіпсіздіктерден зардап шеккен кәсіпкерлерге 3,7 млрд теңгеден астам өтемақы төленді
Сурет: Aikyn.kz

Шығынға ұшыраған кәсіпкерлердің 119 өтініші мақұлданды

2022 жылғы 2 науырызда шағын және орта бизнес субъектілерінің мүліктік шығынын анықтау жөніндегі Өңірлік комиссия кәсіпкерлердің жалпы сомасы 633,6 млн теңгені құрайтын 119 өтінішін мақұлдады. Оның ішінде жалпы сомасы 520,3 млн теңгенің 60 өтініші бюджет қаражатының, жалпы сомасы 113,3 млн теңгенің 59 өтініші «Жаңа Алатау» қайырымдылық қоры қаржысының есебінен төленді.

Комиссия жалпы сомасы 3 774,1 млн теңгені құрайтын барлығы 1009 өтінішті мақұлдады, оның ішінде жалпы сомасы 2 796,2 млн теңгенің 519 өтініші бюджет қаражатының, жалпы сомасы 977,9 млн теңгенің 490 өтініші «Жаңа Алатау» қайырымдылық қоры қаржысы есебінен қаржыландырылды.

Зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінен өтініштері InfoKazakhstan сайтына келіп түседі. Бүгінде Алматыда зардап шеккен 1413 ШОБ субъектісі анықталды.