Алматыда суретші Қайырбай Зәкірұлының көрмесі ашылды

Алматыда суретші Қайырбай Зәкірұлының көрмесі ашылды
Сурет: Gmirk.kz

Туған өлке шежіресі суреттерде сыр шертті 

Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында белгілі суретші Қайырбай Зәкірұлының көрмесі ашылды. Ол ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған.  Суретші экспозициясынан туған өлкенің өткені мен бүгіні ерекше көрініс тапқан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап. 

Көрмеге суретшінің соңғы екі жылда орындаған жұмыстары қойылған.  

«Ашылған көрме тақырыбы «Минотаврлар заманы» деп аталады. Туындыларға, композицияларға қарасаңыздар, әрине, біздің күнделікті көріп жүрген, нақты реалистік бейнені көрмейміз. Бұл жерде мистикалық бейне. Бүгінгі күннің шындығын, соның ішінде, адамның құндылығының жоғалуы, уақыт пен сезімнің трагедиясын бір мысқылмен, сарказммен көрсетеді», – деді Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайының графика және мүсін секторының жетекшісі Самал Мамытова.

Мұражайдағы жаңалықтар мұнымен тоқтаған жоқ. Ресейлік жас қылқалам шебері Юлия Вирко Work in Progress көрмесін халық назарына ұсынды. Өзінің алғашқы жеке көрмесі арқылы автор көрерменді шығармашылық үдеріске енуге шақырады. Экспозиция «визуалды» лабиринт дегенді білдіреді. Лабиринттің сыртқы периметрі суретші жұмысының «нәтижесін» көрсетсе, ішкі бөлігі «үдеріс» автордың сезімдерін жүзеге асыратын туындыларының жасалу барысын паш етеді.  Көрме суретшінің әр жылдардағы кескіндемелік жұмыстарын біріктіреді.