Алматыда субсидия «алып берушілер» ұсталды

Алматыда  субсидия «алып берушілер»  ұсталды
Сурет: Polisia.kz

Алматыда шағын кәсіпті дамыту үшін субсидия алып береміз деп уәде берген күдіктілер ұсталды.

Алматы облысынан 32 жастағы А. есімді бикеш және Түркістан облысының тұрғындары – 23 жастағы Н. есімді азамат және 28 жастағы С. есімді азамат күдікті деп танылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Біздің бөлімшенің криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері бірқатар алаяқтық жасады деген күдікпен күдіктілерді ұстады. Шағын бизнеске субсидия алуға көмектесеміз деген желеумен жастар қызметтері үшін ақша алып, уәдесінде тұрмаған. Тергеудің осы кезеңінде күдіктілердің осыған ұқсас 12 эпизодқа қатысы бар екендігі белгілі болды. Олардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сараланады. Күдіктілер қамауға алынды», – деді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Талғат Беркінбаев.

Тергеу ұсталғандардың басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Осыған байланысты, полиция қызметкерлері, азаматтарды күдіктілерді таныған жағдайда мына телефон нөмірлеріне хабарлауға шақырады: 8 (727) 227-55-02 және 8-777-235-55-15. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқықбұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.