Алматыда студенттерді вакциналау жалғасуда 

Алматыда студенттерді вакциналау жалғасуда 
almaty-akshamy.kz

Күн сайын 200-ден астам студентке коронавирусқа қарсы вакцина салынуда. Бұл туралы Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, көптеген студенттер белсенді түрде вакциналануды оқу жылы басталмай тұрып-ақ бастады. Мысалы, маусым айында бірінші компонентпен 4 676 адам, шілдеде 7 872 студент, тамызда 4 733 адам егілді. 
 
Жалпы студенттердің 93,7%-ы бірінші компонент, ал 79,4%-ы екінші компонент салдырды. 

«Студенттер вакциналану – бұл өздерін ғана емес, жақындарын қауіпті аурудан қорғаудың қарапайым, тиімді әдісі екенін түсінеді», - деді Жандарбек Бекшин. 

Студенттер мен екпе салдыруға тілек білдіруші тұрғындар Алматыдағы 160 екпе орталығының біріне жүгіне алады. 
 
Атап өтсек, 2021 жылдың 1 ақпанынан 1 қыркүйегіне дейінгі кезеңде Алматыда бірінші компонентпен 875 165 адам, ал екінші компонентпен 741 412 адам егілді. Вакциналанған адамдардың жалпы санынан 60 жастан асқандар 110 236 адамды құрайды. 
 
Жандарбек Бекшин жақын арада Алматы емханаларында тұмауға қарсы вакциналау басталатынын айтты. Қазіргі уақытта ресейлік «Гриппол+» вакцинасының 180 мың дозасын сатып алуға өтінім берілді.