Алматыда 6 мың бала суда жүзуді үйренеді

Алматыда   6 мың бала суда жүзуді үйренеді
сурет:pandaland.kz

Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында қалада рейдтер жүргізіледі.

Алматы қаласындағы 56 бассейнде балалар суда жүзуге үйренеді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Есбол Сұлтановтың айтуынша, балалар 3 ай бойы суда жүзуге үйренеді.

«Сонымен бірге қаланың жалпы білім беретін мектептерінің 6 бассейнінде оқыту жүреді. Жалпы, суға түсу маусымы басталғанға дейін 6 мың бала суда жүзуді меңгереді. Бұл профилактикалық жұмыстың нәтижесінде балаларда суда өзін еркін ұстау дағдысы қалыптасады», - деді Есбол Сұлтанов.

ТЖД офицері қала тұрғындары мен қонақтарына су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды, тыйым салынған жерлерде суға түспеуге шақырды.

Мәліметтер бойынша өткен жылы суға батып жатқан 17 адам, оның ішінде 6 бала құтқарылды.

«Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында департамент мамыр айына арналған бірлескен рейдтердің жоспар-кестесін бекітті. Рейд барысында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік ережелерін бұзушылар жауапқа тартылады. Мысалы, өткен жылы 63 адам әкімшілік жауапқа тартылып, 790 мың теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ суға батып жатқан 17 адам, оның ішінде 6 бала құтқарылған болатын», - деді Есбол Сұлтанов.