Алматыда «Шығыс Базары» фестивалі өтеді

Алматыда «Шығыс Базары» фестивалі өтеді
Сурет: Ашық дереккөз

Квилт-фестивалі жыл сайын ұйымдастырылады

2022 жылдың 18-20 караша аралығында Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Шығыс Базары» атты халықаралық квилт-фестивалі өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Фестивальді ұйымдастырушы – «Қазақстанның құрақ құрау шеберлері бірлестігі», жетекшісі Штрошерер Тамара Бекмұратқызы. Бірлестіктің басты мақсаты – құрақ деп аталатын сәндік-қолданбалы өнерге негізделген көркем квилт бағытын дамыту, өзіндік қолтаңбасы бар қазақстандық шеберлердің еңбегін әлемдік деңгейде таныту. 

«Шығыс Базары» квилт-фестивалі Қазақстан, Германия, Швейцария, Ресей, Қырғызстан және тағы басқа елдердің қолөнершілерін бір-бірімен жақын таныстырып, тәжірибе алмасуға  мүмкіндік береді. Квилт-фестивалі жыл сайын ұйымдастырылады, 2022 жылы сегізінші рет өткізілмек. Қазіргі кезде өнердің бұл түріне деген қызығушылық артып, квилт өнерінің жанкүйерлері де көбейе түсті. Қатысушылар мен қонақтар мерекеге қатысып қана қоймай, тоқыма өнерінің шығармашылық әлемімен таныса алады. 

Фестиваль бағдарламасында: 
-  «Джинс Inspiration» байқауы. Байқаудың тақырыбы қоршаған ортаны қорғау мен көне заттарды ұтымды пайдалануға байланысты болмақ. Өнер және сән саласының мамандары үш номинация бойынша сайысқа қатысқан 129 үміткердің арасынан жеңімпазды анықтайды. Фестиваль демеушісі «Тігін машина үйі» компаниясы әр номинация бойынша анықталған жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар – bernette және VERITAS тігін машиналарын ұсынады. Ал фестивальдің бас демеушісі – BERNINA швейцариялық компаниясының өкілі гран-при сыйлығын табыстайды. Жұмысы үздік деп танылған шеберге премиум-класс тігін машинасы беріледі.