Алматыда «Шыңырау» фильмінің тұсаукесері өтті

Алматыда «Шыңырау» фильмінің тұсаукесері өтті
almaty-akshamy.kz

Алматылықтарға Әбіш Кекілбаевтың повесі негізінде түсірілген «Шыңырау» фильмі таныстырылды, деп хабарлайды Almaty-aqshamy.kz.

Алматыда «Шыңырау» фильмінің тұсаукесері өтті. Кинотуындының сценариін режиссер Жаңабек Жетіруовтың өзі жазғанын айта кету керек. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

«Фильм 10-нан астам халықаралық кинофестивальдің конкурстық бағдарламасына қатысып бағасын алғанмен, елдегі премьерасы пандемияға байланысты кейінге шегерілген еді. Соның реті бүгін келіп отыр», - дейді жазушының немересі Абыл Кекілбаев.

Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі желісі бойынша түсірілген картина құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, адамға тән менмендік, бақталастық, махаббат, пен достық, қастандық сынды жағымсыз қасиеттерінің пердесін ашады. Негізгі ой Үстірт жазығында құдық қазуды кәсіп еткен екі қарапайым құдықшының арасындағы бәсеке арқылы жеткізіледі.

Елдің батасын алуды мақсат тұтып, байырғы кәсіпті бәсекенің көзіне айналдырған Еңсеп ақыры сол бақталастықтың құрбанына айналады.

«Фильм адамның өз мақсатына жету үшін өмір-бақи еңбектенетінін, бірақ ол өз мүмкіндігінің қай жерде сарқылатынын сезбей, шектен асып кетіп, өз арманының құрбанына айналатынын көрсетеді», - дейді Абыл Кекілбаев.

Фильмнің түсірілімдері Маңғыстау облысында өтуі де тегін емес-ті. Картинада Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы мен Каспий теңізі көрініс табады.

Негізі повесть 1982 жылы жарық көрген. Содан бері 2009 жылға дейін бірнеше кино маманы оны экранға шығаруға ниеттенгенімен, сәті түспеген көрінеді.

«2009 жылы «Қазақфильм» киностудиясының сол кездегі президенті Ермек Аманшаевтың ұйытқы болуымен Әбіш атамның повесін экранға шығару бойынша нақты жұмыс басталды. Бұл жұмыс Жаңабек Жетіруовқа тапсырылды. Ол кісі повесть авторымен бірнеше рет кездесіп, сценаридің алғашқы нұсқасын өзіне мақұлдатқан болатын. Өкінішке қарай, атамыз фильмді түсіру жұмыстары басталғанын көрмей кетті. 2019 жылы Астанада «Еуразия» Халықаралық кинофестивалінің бағдарламасында «Шыңырау» фильмі алғаш рет көрсетілді», - дейді Әбіш Кекілбаевтың немересі.

Сол алғашқы көрсетілімнен бастап фильм 10-нан астам халықаралық фестивальге қатысып үлгерген.

Туындының актерлік құрамына келсек, негізгі рөлдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алдабек Шалбаев, белгілі театр және кино актері Мұхамеджан Мырзакеев, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Асылхан Төлепов ойнайды.