Алматыда шетелдік көліктер үшін жедел желі қосылды

Алматыда шетелдік көліктер үшін жедел желі қосылды
Сурет: 24.kz

Қалада басқа елдерде тіркелген көлік құралдарын пайдалану ережелері түсіндіріледі

Алматы полициясында шетелдік көлік иелері үшін жедел желі телефоны жұмыс істейді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Алматыда басқа елдерде тіркелген көлік құралын пайдалану ережелерін түсіндіруге арналған сall-орталықтары жұмыс істейді. Әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, ауызша кеңесті 8-747-733-10-20 телефон нөмірі арқылы алуға болады»,- деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін ҚР Ішкі істер министрлігі ресейлік нөмірлі көліктерді тіркеуде ешқандай жеңілдіктің болмайтынын мәлім еткен болатын.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтың айтуынша, Қазақстан аумағына сырттан әкелінген кез келген көлік заңға сай тіркеуден өтуі тиіс. Және талап барлық азаматтарға ортақ. Яғни көлік тіркеуге қатысты заңда белгілі бір санаттағы азаматтарға жеңілдік жағы қарастырылмаған.

Сондықтан да елімізде тіркелмеген көлік иелері ережеге бағынуы керек. Олай болмаған жағдайда заң аясында автокөлігі тәркіленіп, иесіне айыппұл салынады. Айта кетсек, Қазақстанда жүрген ресейлік нөмірлі 88 мың көліктің тіркеуден шығарылғаны анықталды.