Алматыда Серікбол Қондыбайдың ғылыми мұрасына арналған конференция өтті

Алматыда Серікбол Қондыбайдың ғылыми мұрасына арналған конференция өтті
Сурет: Ашық дереккөз

Бүгін ҚР Ұлттық кітапханасында этнограф-ғалым, өлкетанушы, публицист Серікбол Қондыбайдың ғылыми мұрасын насихаттау мақсатында «Серікбол Қондыбайдың ғылыми мұрасы. Ұлттық гуманитарлық білім стратегиялары және руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Конференция барысында ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, философия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сәбит, абайтанушы, ағартушы, драматург, аудармашы, баспагер Роллан Сейсенбай, Серікбол Қондыбайдың ұстазы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Лариса Веселова, қоғам қайраткері Балсұлу Қондыбай, «Аспандау» ғылыми-білім беру қорының президенті Арнұр Нұрқатов сөз сөйлеп, Серікбол Қондыбайдың ғылыми мұрасына тоқталып, сөз сөйледі.

Сондай-ақ конференцияда 5 тақырыптық секция бойынша баяндамалар оқылды. Атап айтсақ, Серікбол Қондыбай еңбектерінің ұлттық және әлемдік ғылыми кеңістіктегі тарихи-мәдени маңызы,  Серікбол Қондыбай және түрік-қазақ мифологиясы, Адамзат мәдениетінің дамуындағы мифология, Мифті зерттеу және философиялық түсіну тарихы және Қазіргі мифология. Жаһандану және күнделікті дағдарыс тақырыптары қамтылды.

Жиын «Мифология: кеше және бүгін» атты дөңгелек үстелге жалғасып, конференцияда оқылған баяндамалар талқыланды. Талқылау барысында К.Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті студенттерінің жобалары қатысушылар назарына ұсынылды.

Шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан «Серікбол Қондыбай әлемі» атты өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.