Алматыда сайлау комиссиясының мүшелері тағайындалды

Алматыда сайлау комиссиясының мүшелері тағайындалды
Сурет: Inform.kz

Барлығы дайындықтан өткен.

Алматыдағы барлық сайлау учаскелері республикалық референдумға дайын. Бұл туралы брифинг барысында Алматы қалалық референдум комиссиясының төрағасы Жанна Асанова мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Спикердің сөзінше, сайлау учаскелеріндегі дайындық жұмыстары толық аяқталды. Сайлау комиссиясының мүшелері тағайындалды. Референдум өтетін күні олар кезекшілікте болады.

 «Бұрын сайлау учаскелерінде комиссия құрамында жеті адам болса, қазір сайлау учаскелерінде тізімге енгізілген сайлаушылардың санына қарай 5-11 адам комиссия мүшесі бола алады. Алматы сайлау учаскелерінде бұл орташа есеппен 7-9 адам. Комиссия мүшелерінің барлығы дайындықтан өтіп, тәртіпсіздік бола қалған жағдайда оны қалай реттеу керектігін біледі», - деді Жанна Асанова.

Сонымен қатар, брифинг барысында журналистер: "Бірінші болып дауыс берген азаматтарға ынталандыру сыйлықтары қарастырылған ба?" - деген сауал қойды.

«Жоқ. Алайда, демеушілер тарапынан сайлаушыларға естелік сыйлықтар табыстау бастамасы болса, неге болмасқа? Кәсіпкерлер жәрмеңке, фотоаймақтар, концерттер түрінде мәдени іс-шаралар ұйымдастыруы мүмкін. Өйткені, қазір жаз, демалыс екенін ескеруіміз керек. Қала көлемінде басқа да түрлі шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бірақ мұның референдумға еш қатысы жоқ. Бұл іс-шараларға учаскелік комиссиялар қатыспайды», - деді спикер. Бұған дейін мегаполисте 574 учаске дайындалғаны туралы жазған болатынбыз.