Алматыда сауда орталығының сатушыларын тонап жүрген адам ұсталды

Алматыда сауда орталығының сатушыларын тонап жүрген адам ұсталды
Сурет: 24.kz

Күдікті бұрын да осыған ұқсас қылмыстары үшін бірнеше рет сотты болған.

Медеу ауданының полиция қызметкерлері сауда орталығында сауда орталығының сатушыларын тонап жүрген 52 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Дәлірек айтсақ, күдікті ірі ойын-сауық орталықтарында орналасқан дүкендерді таңдаған. Сатушылары келушілерге қызмет көрсетумен қолдары босамай жатқан бутиктерге мақсатты түрде кіріп жүрген. Оның әрекетін ешкім бақылап отырмағанына сенімді болған қаскөй сатушылардың ұялы телефондарын немесе басқа да құнды заттарын ұрлап отырған. Тергеу әрекеттері барысында аталған адамның екі ұрлық эпизодын жасауға қатысы бар екендігі анықталды. Күдікті бұрын да осыған ұқсас қылмыстары үшін бірнеше рет сотты болған», – деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.

Қазіргі уақытта Ш. есімді азаматтың Алматы қаласында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.

«Осы адамның қылмыстық әрекетінен зардап шеккен азаматтарды мына телефон нөмірлері арқылы хабарласуларыңызды сұраймыз: 254-48-02; 254-48-10; 8-702-476-6660», — деді Өтебаев.