Алматыда сауда нысандары мен отбасылық мерекелер коронавирус жұқтырудың ошағы болып қала береді

Алматыда сауда нысандары мен отбасылық мерекелер коронавирус жұқтырудың ошағы болып қала береді
Сурет: Youtube.com

Алматы тұрғындары көбінесе коронавирусты сауда нысандары мен отбасылық шараларда, тойларда, мерейтойларда және еске алу кештерінде жұқтырады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Отбасылық шараларда жұқтырудың өсуі - 2,1%, сауда және ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінде - 1,7%, азық-түлік және азық-түліктік емес дүкендерде - 1,2%, супермаркеттер мен гипермаркеттерде - 0,2%, қоғамдық көліктерде - 1,4%-ға, қоғамдық тамақтану орындарында - 1,1%-ға, басқа аймақтарға барғанда - 0,6%-ға, сауналарда, фитнес-орталықтарда - 0,1%», - деді мегаполистің бас санитарлық дәрігері.

Жандарбек Бекшин нысандарда да жұқтырудың артқанын, Ashyq жобасының қатысушылары арасында жұқтыру 200-ден 407 адамға дейін өскенін, ал, бұл кіреберістегі басқару жүйесінің жеткіліксіз жұмыс жасауы салдарынан екенін айтты.

Баспасөз конференциясы кезінде санитарлық-эпидемиологиялық департамент басшысы Алматыдағы инфекция жұқтыратын негізгі бес ошақты атады.Олар: сауда объектілері - 35%, отбасылық байланыс - 17,9%, қоғамдық көлік - 17,6%, базарлар - 13%, отбасылық шаралар (тойларда, мерейтойларда, жерлеуде) инфекция деңгейі 1,4-тен 3,5%-ға дейін күрт өсті.

Жандарбек Бекшин Алматы тұрғындарын үйлену тойлары мен мерекелерді жасырын өткізбеуге шақырды. Мұндай шараларды ұйымдастыру әсіресе келетін қонақтардың денсаулығы үшін өте қауіпті екенін айтты.

 

Айта кетерлігі, мониторингтік топ өкілдері жасырын тойлар мен кештерді қатаң түрде тоқтатуда. Жандарбек Бекшиннің 9-14 тамыз аралығында 954 нысанның тексерілгенін, 124 нысанның карантин шараларын бұзғанын айтты. Бас санитарлық дәрігер қала тұрғындарының тойды күндіз, тіпті жеке үйлерде өткізе бастағанын да атап өтті.