Алматыда сауда нысандары КВИ жұқтыру бойынша көш бастауда

Алматыда сауда нысандары КВИ жұқтыру бойынша көш бастауда
Cурет: Planetofhotels.com

Соңғы екі аптада вирустың балалар мен жастарға бағытталғандығы байқалады.

Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте эпидзерттеу нәтижелері бойынша коронавирусты жұқтырудың негізгі орындары анықталғанын хабарлады. Бұл тізімдегі 40%-ды сауда нысандары құрайды,деп хабарлады Almaty-akshamy.kz

«Базарларда науқастардың 16%-ы жұқтырады, инфекцияның 19%-ы отбасылардағы байланыстардың нәтижесінде пайда болды. Үйге инфекция әкелген адамдар "үй ошақтары" деп аталады, балаларға да, ересекёёё туыстарына да жұқтырады. Мен жыл басында балалар арасында аурудың өсуі туралы айтқанмын, бірақ көбісі күмәнмен қарады. Егер өткен жылы барлығы 280 оқушы ауырса, биыл 5 700 бала ауырды. Биыл 1 жасқа дейінгі балаларды жұқтырудың 200-ге жуық жағдайы тіркелді. Өткен жылы бұл жеке жағдай болды», – деді Жандарбек Бекшин.

Бас санитарлық дәрігер ата-аналарға балаларын қорғауды, адам көп жиналатын жерлерге бармауды ұсынды. 5 жастан асқан балаларға бетперде тағу керек.

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, соңғы екі аптада вирустың балалар мен жастарға бағытталғандығы байқалады. 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы 1%-ға өсті және жоғары деңгейі 14% құрайды. 40 пен 59 жастағы науқастанған азаматтардың үлес салмағы да 25%-ды жоғары деңгейде.

Алматының бас санитарлық дәрігері қаланың 2 500-ден астам нысанында енгізілген Ashyq жүйесінің тиімділігін айтты.

«Бұл жүйе белгілі бір нәтиже береді. Жүйе орнатылған нысандарға барғысы келген тұрғындарға  «қызыл» немесе «сары» мәртебесінің әсерінен рұқсат берілмеген», – деді Жандарбек Бекшин.

Еске салсақ, Алматыда карантин режимін бұзғаны үшін «қызыл» мәртебесі бар 80 тұрғынға айыппұл салынды. Карантинді бұзушылардың аты-жөндері санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми сайтында да жарияланды.