Алматыда республикалық «Алтын сақа» байқауы өтті

Алматыда республикалық «Алтын сақа» байқауы өтті
Сурет: Almaty.tv

152 автордан 180-ге тарта шығарма қабылданған

Бүгін Жазушылар Одағының төрінде республикалық байқаудың жүлдегерлері марапатталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Балалар әдебиетіне бойлаған қатысушылар ертегі және шағын әңгіме бағытында сынға түскен еді. Жалпы 152 автордан 180-ге тарта шығарма қабылданыпты. Оның 41-і ертегі жанрында.

«Негізінен бірінші рет жазып тұрған әңгімем. Жарысқа да бірінші рет қатысып тұрмын. Жеңімпаз болғаным, Республикалық дәрежеде байқауға қатысып, жеңімпаз атанғаныма қуанып тұрмын», – деді «Алтын сақа» республикалық байқауының жүлдегері Дәметкен Сағынбаева.

Республикалық «Алтын сақа» байқауы биыл бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Іс-шара бір күнде дүниеге келген қазақтың үш классик жазушысы - Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей мен Шерхан Мұртазаның құрметіне орайластырылған.

«Бұл байқауға 18-35 жас аралығындағы жастар қатысты. Байқау өскелең ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеуге, парасаттылыққа, сананың ашықтығына және ұлттық бірегейлікті сақтауға көмегін тигізеді», – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының жоба менеджері Русланбеген Тұрсынбетұлы.