Алматыда өткен «Еуразия» кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды

Алматыда өткен «Еуразия» кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды
Сурет: Egemen.kz

Фестивальдің түрлі бағдарламаларына елу фильм қатысқан.

Алматыда ХVI Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Өткен аптада «Еуразия» көрермендері мен қатысушылары 25 елдің кинокартиналарын тамашалады. Барлық көрсетілімдер аншлагпен өтті. Фестивальдің түрлі бағдарламаларына елу фильм қатысқан, оның үшеуі – әлемдік премьералар («Ару Елена», «Боран» және «Ауыл» фильмдері). 

Сондай-ақ «Мені Ивансыз жерлемеңдер» фильмінің халықаралық премьерасы өтті. Екі азиялық премьера болды. Атап айтқанда, «Мәрмәрдай суық» және «Құдайдың шақыруы» картиналары. Сондай-ақ көрермендер өз елдерінен «Оскар» сыйлығына ұсынылған төрт картинаны және «Азия Оскарының» (Asia Pacific Screen Awards) иегері «Есімде» фильмін көрді.
Фестиваль аясында шеберлік сабақтары, қазақстандық режиссерлердің жаңа фильмдерінің тұсаукесерін қамтыған work-in-progress бағдарламалары өтті. Он төрт баспасөз конференциясы және «Қазақ киносын дамыту векторлары» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Фестиваль қонақтары тақырыптық кештерге қатысты. Фестиваль тарихында тұңғыш рет «Еуразия» телевизиялық күнделіктері бірден еліміздің екі телеарнасында көрсетілді.

Өз кезегінде фестивальдің қазылар алқасы кинокөрсетілімдерді қорытындылап, бірнеше номинациялар бойынша конкурстық бағдарламалардың жеңімпаздарын анықтады.

Естеріңізге сала кетсек, фестивальдің ашылу салтанатында «Орталық Азия кинематографының дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы жүлдесін атақты өзбек режиссері Али Хамраев жеңіп алған болатын. Ол осы фестивальде халықаралық байқаудың қазылар алқасын басқарды. Өз кезегінде «Қазақ кинематографына қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығын мәдениеттанушы және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов алды.

Салтанатты шара жеңімпаз фильмнің көрсетілімімен аяқталды.