Алматыда оқушыларға арналған инновациялық шығармашылық орталық құрылады

Алматыда оқушыларға арналған инновациялық шығармашылық орталық құрылады
Сурет: Zakon.kz

Алматы қаласында Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығы құрылуы мүмкін.

Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған шаһар басшысы Ерболат Досаевтың тиісті қаулысында жазылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Білім туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР заңдарына сәйкес, Алматы қаласының әкімдігі қаулы етеді: Алматы қаласы білім басқармасының «Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылсын. Кәсіпорынның қызметі өз табысы және ҚР бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен алынған бюджет қаражаты есебінен даму жоспарына сәйкес қаржыландырылады», - делінген құжатта.

Шығармашылық орталығының қызмет бағыттары:

- ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен техника жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, жан-жақты дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған халықаралық және қазақстандық стандарттарға сәйкес келетін жоғары сапалы қосымша білім алу үшін қолайлы жағдайлар жасау және заманауи талаптарды қамтамасыз ету;

- жеке тұлғаның шығармашылық, рухани, дене мүмкіндіктерін дамыту, олардың қабілеттерін іске асыру, дарынын анықтау және жетілдіру;

- ізденімпаздық пен шығармашылық ойлауды қалыптастыру;

- инновациялық идеялар мен әзірлемелердің генерациясын ынталандыру;

- өмірдің әртүрлі салаларындағы балалар бастамаларын қолдау;

- жаңа технологиялар саласындағы зерттеулерге қызығушылықты арттыру;

- балалар мен жастардың инновациялық шығармашылығын қолдау, оның ішінде кәсіби дайындық деңгейін арттыру, оларды кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға түсуге дайындау;

- адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы зияткерлікті байыту;

- азаматтық пен отансүйгіштікке, өз Отаны - Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік тілді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қадірлеуге, Конституцияға және қоғамға қарсы кез келген көріністерге төзбеушілікке тәрбиелеу;

- азаматтық ұстанымы белсенді жеке тұлғаны тәрбиелеу, республиканың саяси-қоғамдық, экономикалық және мәдени өміріне қатысуға қажеттілікті, тұлғаның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы қарым-қатынасты қалыптастыру;

- балалар бойында экологиялық мәдениетті тәрбиелеу, оларды табиғатты қорғау ісіне тарту;

- балаларды қоғамдағы өмірге бейімдеу; мазмұнды бос уақытты ұйымдастыру;

- ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен қызметтерді ұйымдастыру.

Қаулы 14 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.