Алматыда оқушы орындарының тапшылығы мәселесі қалай шешілуде?

Алматыда оқушы орындарының тапшылығы мәселесі қалай шешілуде?
Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жыл сайын алматылық мектеп оқушыларының саны орташа есеппен 12-14 мыңға дейін көбейіп келеді

Бұл көрсеткіш демография мен ішкі миграция есебінен өсіп отыр. Мектептердің құрылысы жайлы ақпаратпен Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова бөлісті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Алматыда барлығы 320 453 оқушы оқитын 310 мектеп бар (292 099 оқушысы бар 212 мемлекеттік мектеп және 28 354 оқушысы бар 98 жекеменшік мектеп). Соған қарамастан, оқушы орындарының тапшылығы мәселесі сақталуда, ол бүгінгі күні 19 120 орынды құрайды.

 2022 жылы мектептерде оқушылар орнының тапшылығын азайту үшін мыналар енгізілді:
             - 8100 орынды қамтитын 5 мемлекеттік мектеп;
Анықтама үшін: (1800 орын "Қалқаман" ықшамауданындағы №206, 1800 орын "Саялы" шағынауданындағы №204, 1500 орын "Томирис" шағынауданындағы №205, 1500 орын "Қалқаман" шағынауданындағы №208, 1500 орын «Нұркент» шағын ауданындағы №209);

             - «Мәдениет» шағынауданында үш ауысымдағы №196 мектептің орнына 1500 орынды қамтитын жаңа мектеп салынды;

             - 2393 орынды қамтитын 6 жекеменшік мектеп;
Анықтама үшін: (Бостандық ауданында – 599 орындық "Заман" мектебі, 384 орындық «JOO High School Almaty» мектебі, 540 орындық "Almaty School of Physics and Mathematics" мектебі, Түрксіб ауданында – 420 орындық «Millennium» мектебі, Наурызбай ауданында – 200 орындық AiDi Education мектебі, 250 орындық «Zhiger S» мектебі);
             
             - 900 орындық қолданыстағы үш мектепті кеңейту (300 орындық №191, 300 орындық 146, 300 орындық 125);
             -  600 орындық бір ғимарат сатып алу («Әділет» колледжі, Гагарин көшесі, 135А).

Осылайша, 13 493 оқушы орнына арналған 16 нысан енгізілді.

Сонымен қатар, желтоқсан айының соңында «Дархан» шағынауданында 1500 орындық №210 және «Алма сити» шағынауданындағы 1200 орындық №207 жаңа мектеп пайдалануға беріледі.

Орын тапшылығы мәселесін шешу үшін Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын жүзеге асыру және 2030 жылға қарай бір ауысымдық оқытуға көшу жөнінде тапсырмалар берді.

«Ұлттық жоба аясында 2023 жылдан бастап республикалық бюджет есебінен 37 100 орынды қамтитын 22 мектептің құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл ретте жергілікті бюджет есебінен жалпы сомасы 11 млрд. теңгеге жер телімдерін сатып алу және оларды инфрақұрылымға қосу мәселелері шешілетін болады», - деді Ә.Нүсіпова.

Сонымен қатар, әкімдік «1000 мектеп» жобасын жүзеге асыруды жалғастырады, оның аясында 2023-2025 жылдар аралығында 19 905 орынға арналған 36 білім беру нысаны (3 мемлекеттік мектеп, 7 қосымша құрылыс, 19 жекеменшік мектеп) пайдалануға беріледі. Осылайша, 2026 жылға қарай оқушылар орындарының тапшылығы табиғи деңгейге дейін қысқарады (2000 – 3500 орын).