Алматыда науқастың жүрегіне ерекше стент қойылды

Алматыда науқастың жүрегіне ерекше стент қойылды
Сурет: Ашық дереккөзі

Науқастарға операция міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру арқылы тегін жасалды

Жүрек қан-тамыр аурулары бар науқастарға ерекше стент қойылды. Оның өзгелерден ерекшелігі құрылғы дәрімен қапталған. Мұндай операцияны  Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының дәрігерлері  австриялық интервенциялық кардиолог Аурель Томаның жетекшілігімен жасап жатыр. Бүгін өңірлерден келген медицина қызметкерлері білікті маманның шеберлік сабағына қатысып, кеңес алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Алматылық Ырымғали Имашевқа кеше ғана операция жасалды. Жүректің ең күрделі саналатын бөлігіне стент қойылды. Бұл  қан-тамырының өткізгіштігін қамтамасыз ететін дәрімен қапталған. Науқастың ишемиялық жүрек ауруына шалдыққанына  10 жылға жуықтаған.  Соңғы екі жылда жағдайы тіптен қиындай түскен. Операцияның ашық түріне келіспеген. Ал, жергілікті мамандар  мен Австриядан келген интервенциялық кардиолог Аурель Тома эндоваскулярлық әдіспен жасады.  

«Операция бәрі жақсы өтті. Ешқандай жерім ауырған жоқ. Басым да ауырған жоқ. Бәрін сезіп жаттым. Где то 4 сағат жасады. 2-3 күннен кейін сезінетін шығармын. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын»,-дейді қала тұрғыны Ырымғали Имашев.  

Расында мұндай операция күрделі саналады. Ұзақтығы 5-6 сағатқа дейін созылуы мүмін. Бірақ артықшылығы өте көп. Науқас тез қалпына келеді. Ауруханадан 4-5 күнде үйіне шығып кетеді. Яғни, жүрек қан тамырына қатысты күрделі паталогияны емдейді.  Аурель Томаның айтуынша бұл операция кез-келген жерде жасала бермейді. 

«Мұндай операцияны жасау үшін мамандардың кәсіби біліктілігі жоғары болуы тиіс. Мұның әдіс-тәсілдерін жақсылап меңгеру үшін әлем бойынша кем дегенде 3-4, тіпті 5 жыл керек шығар деп ойлаймын. Стент коронарлық артерияның қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бірнеше операция жасадық Барлығы да сәтті өтті», -деді Австриядан келген интервенциялық кардиолог Аурель Тома.

Науқастарға операция міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру арқылы тегін жасалды. Ақылы болған жағдайда оның құны бір жарым миллион теңгеге жуықтайды, дейді мамандар.  

«Дәрігерлер өте жақсы тәжірибе  алмасып жатыр. Көзбе-көз тілдесіп, бірге жұмыс істегеннің берері көп. Оның үстіне қазір медицина өте тез даму үстінде. Аурель Тома коронарлық артерияны стенттеу бойынша бірнеше көрнекі операция жүргізіп көрсетіп берді», - деді медицина ғылымдарының докторы Роза Қуанышбекова. 

Өкінішке орай, елімізде созылмалы жұқпалы емес аурулардың 40 проценті жүрек пен қан тамырларының жұмысымен байланысты. Десе де сала жедел дамып жатыр. Енді дәл осындай әдісті Алматыдан өзге Астана, Семей, Тараз қалаларының кардиологтары да меңгеріп қайтады.