Алматыда мүгедектіктің алдын алу мақсатында жыл сайын 950 маманды оқытады

Алматыда мүгедектіктің алдын алу мақсатында жыл сайын 950 маманды оқытады
Сурет: Inbusiness.kz

Қалада мүгедек адамдардың саны жыл сайын орта есеппен 3% артуда.

1350 мүгедек адамды жұмыспен қамту үшін 775 млн теңге бөлу жоспарлануда. Бұл туралы шаһар жетекшісі Ерболат Досаев Алматының қаласының 2023-2025 жылдарға арналған бюджет жобасын қарау барысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Ерболат Досаевтың айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтарына және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жан-жақты қолдау көрсету қаланың басым міндеті болуы тиіс.

«Бүгінде халықтың 240,5 мың осал тобына 26 млрд теңгеге әлеуметтік қолдау көрсетілді. Қаламызда мүгедек адамдардың саны жыл сайын орта есеппен 3 процентке артуда, ал балалар арасында бұл көрсеткіш 6,8%-ке өсуде», - деді Ерболат Досаев.

Мүгедектіктің алдын алу мақсатында 2023 жылы жыл сайын 950 маманды оқыта отырып, 600 млн.теңге сомасына Ерте араласу орталығын құру бойынша пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда.

«Келесі жылдан бастап менің бастамам бойынша Алматы қаласының әкімдігі 200 мүгедек баланы электр жетегі бар жоғары сапалы жеке кресло–арбалармен қамтамасыз етудің арнайы бағдарламасын іске асыруды, сондай-ақ 1,4 млрд. теңге сомасына 170 адамды жаңа технологиялар бойынша протездік-ортопедиялық құралдармен және сүйек өткізгіштігі бар есту аппараттарымен, сөйлеу процессорларымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр»,- деді  қала әкімі.

Оның айтуынша, бұл шара әлеуметтік қызметтер порталында жоқ оңалтудың жоғары технологиялық құралдарын толықтыруға және осы мақсатқа қаржыландыру көлемін 8,2 млрд. теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.