Алматыда «Мектепке жол» акциясы басталды

Алматыда «Мектепке жол» акциясы басталды
Inform.kz

Алматыда «Мектепке жол» акциясы аясында Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалы қайырымдылық көрсетуді бастады

«Бұл акция 2008 жылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде жыл сайын өткізіліп келеді, оның бастмашысы Елбасы, Партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев болды. Биылғы жыл біз үшін де оңай болмады, сондықтан та әлеуметтік осал санаттағы алматылық оқушыларға қоғам және партия белсенділері мен меценаттарды тарта отырып жәрдем жасалмақ. Бұл акция еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді және мектеп оқушыларын патриоттық тәрбиелеудің бір бөлігі», - деді партияның Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Бисембаев.

Биыл қайырымдылық акциясы Nur Otan партиясының белсенділері мен қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен өтеді. Партияның қалалық филиалы мектепке қажетті құралмен жабдықталған 3000-ға жуық сөмке алматылық оқушыларға табыстайды.

Осы орайда меценат, қаланың белсенді тұрғыны, мәслихат депутаты Ерболат Қасымов 100-ден астам отбасыға мектеп құралдарын, отандық өндірушінің мектеп формасын сатып алуға сертификат беру туралы шешім қабылдады.

Жаңа оқу жылына арналған сыйлықтар тұрғындарға санитарлық ережелерді сақтай отырып, біртіндеп беріледі.