Алматыда мектеп оқушысы ауа тазартатын құрылғы ойлап тапты

Алматыда мектеп оқушысы ауа тазартатын құрылғы ойлап тапты
Сурет: Jacobi.net

Жас ғалым өз құрылғысын республикалық ғылыми жобалар байқауында таныстырды

Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Богдан Миронов көмірқышқыл газының мөлшерін анықтап, ауаны тазартатын құрылғы дайындап шығарды. Оның бұл құрылғысы нормадан асып кеткен жағдайда артық газды автоматты түрде залалсыздандырады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Жобасын «автоматты желдету құрылғысы» деп атаған 9-шы сынып оқушысы оның өнертабысы кең ауқымда жаһандық жылыну проблемаларын шеше алады деп есептейді. 

«Бұл құрылғының көмегімен кеңсені желдетіп, ауадағы көмірқышқыл газының көптігінен шаршап-шалдығу мәселесін шешуге болады. Көптеген кеңседе ауа алмасу жүйесі өте нашар. Әйнек жиі қолданылатын ғимараттарда вентиляция мүлдем болмайды. Ал өндірістік желдету құралдарының құны қымбат. Бұл құрылғыда көмірқышқыл газының көлемін анықтайтын арнайы есептеуіш орнатылған. Егер кеңседегі зянды газ мөлшері көбейсе ол автоматты түрде ауаны тазарта бастайды», -дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Богдан Миронов.

Айта кетейік, байқауға еліміздің әр аймағынан келген 300-ден астам оқушы қатысып жатыр. Олар ғылыми-техникалық прогрестің экономика мен экологияға әсері, жасыл технологиялар, математикалық модельдеу, еліміздің тарихы мен туризм саласындағы тақырыптар бойынша бәсекеге түседі.