Алматыда кәнігі баукеспе қолға түсті

Алматыда кәнігі баукеспе қолға түсті
Сурет: Shkolazhizni.ru

Күдіктінің соңғы ұрлығының өзінен келтірілген материалдық залалдың көлемі бір миллион теңге.

Алматы полицейлері кәнігі ұрыны ұстады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алмалы аудандық полиция басқармасының мәліметінше, 34 жастағы ер адам пластикалық терезені қысу арқылы пәтерлерге кіріп, көбінесе әшекей бұйымдар мен ақшаны алып кеткен. Күдікті соңғы ұрлығын қала орталығында жасаған. Келтірілген залал бір миллион теңгені құрады.

«Ұры тұрғын үйге күндіз, үй иелері жұмыста болған кезде кірді. Күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта оның осыған ұқсас төрт эпизодқа қатысқандығы дәлелденді. Күдікті өз ісін мойындады. Барлық фактілер бойынша қылмыстық істер ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөліміне сәйкес қылмыстың негізі бойынша бір өндіріске біріктірілді. Күдіктіге қатысты ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Оның жеке басы қаланың барлық аудандарында осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексеріледі», – деді Алмалы аудандық ПБ бастығының орынбасары Владимир Решетников.