Алматыда кімдер коронавирусты көп жұқтырады?

Алматыда кімдер коронавирусты көп жұқтырады?
Сурет: Liter.kz

Көбіне 20 мен 40 жас аралығындағы азаматтар екен, олардың 33%-ы осы індетке шалдыққан.

Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында соңғы эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша азаматтардың 90%-ы коронавируспен ауыратын науқастармен байланыста болғандықтан ауырғанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бұрынғыдай қоғамдық орындарда жұқтыру қаупі жоғары — 49%, отбасыларда — 22%, ал қоғамдық көлікте — 18%.

Көбінесе 20 мен 40 жас аралығындағы азаматтардың 33%, 40 пен 60 жас аралығындағы азаматтардың 28%, ал 60 жастан асқандардың 25% жиі ауырады. Осы жас санатындағы азаматтар барлық науқастардың 86%-ын құрайды.

Жандарбек Бекшин қала тұрғындарын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға шақырды: жабық бөлмелер мен адамдар көп жиналатын орындарға барғанда бетперде тағуды, сондай-ақ сапарға жиі шығудан, адам көп жиналатын бұқаралық іс-шараларға барудан аулақ болуды ескертті. Аурудың алдын алудың маңызды шарасы — гигиена, әсіресе, қолды таза ұстау.

Сөзінің соңында Жандарбек Бекшин қала тұрғындарын белсенді түрде вакциналануға шақырды. Ол адамдардың қауіпті инфекциядан қорғайтын вакцина алмаса, аурудың азаймайтынын атап өтті.