Алматыда құрылыстың төбесіне шыққан жасөспірімдер полицияға жеткізілді

Алматыда құрылыстың төбесіне шыққан жасөспірімдер полицияға жеткізілді
Сурет: Ашық дереккөз

Олардың ата-анасы да шақырылды

Алматыда құрылысы аяқталмаған ғимараттың үстіне шығып отырған екі жасөспірім анықталып, ата-анасымен бірге полиция басқармасына жеткізілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Алматыда Абай және Тілендиев көшелері қиылысындағы құрылысы аяқталмаған биік ғимараттың үстінде алаңсыз отырған екі жасөспірімнің видеосы интернетте тарады.

Желі қолданушылары видео астына «ата-аналары қайда қарап отыр?», «бұл ғимараттың осылай қараусыз, салынбай тұрғанына қанша жыл болды, оны біржақты ететін мезгіл жетті», «жастар селфи жасап жатыр», «өткен жылы бұл жерден жас адам секіріп кетіп, қаза тапты» деген пікірлер қалдырды.

Алматы қалалық полиция департаменті жасөспірімдерді анықтап, полиция басқармасына жеткізгенін хабарлады.

«Ювеналды полиция бөлімінің инспекторлары жасөспірімдердің кім екенін анықтап, оларды Алмалы ауданының полиция басқармасына апарды. Олардың ата-анасы да шақырылды. Оларға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деп хабарлады полиция.

Еске салайық, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алдағы алты жылда 50 проблемалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, өңірлерде 1 500 апатты және тозығы жеткен үйлерді бұзу, 40 мың меншік иесінің тұрғын үй мәселелерін шешу жөніндегі өңірлік бағдарламалар қабылданатынын мәлімдеген болатын.