Алматыда қуыршақ шеберлері кәсіби мерекелерін атап өтті

Алматыда қуыршақ шеберлері кәсіби мерекелерін атап өтті
сурет: Аlmaty-akshamy.kz

Бүгін 21 наурыз - Халықаралық қуыршақ театры күні.

Халықаралық қуыршақ театры күні 2003 жылдың 21 наурызынан бері тойланып келеді. Осыған орай Алматы қаласындағы қуыршақ шеберлері кәсіби мерекелерін атап өтуде, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры шеберлік сабағын ұйымдастырып, ересектер мен балаларға қуыршақтардың жасалу жолын, актерлердің ойнау әдістерін көрсетті.

Актриса Еркеш Жүнісованың айтуынша, қуыршақтарды қолмен қимылдатып, дыбыстау, оларға жан бітіру - үлкен өнер. 

"Қуыршақтардың түр-түрі бар. Оларды қолға киіп, қол арқылы ойнату керек. Театр қуыршақтарының әрқайсысы әртүрлі технологиямен жасалады. Саусаққа арналған шағын қуыршақтан бастап, қолға кигізілетін, жіп арқылы басқарылатын түрлерін көрермен жақсы біледі. Сахнадағы танымал ертегі кейіпкерлері театр шеберлерінің қолынан шыққан. Осы шеберханада қарапайым заттардан бастап керемет өнер туындылары жасалады", - дейді актриса.

88 жылдық тарихы бар Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры – еліміздегі ең ірі өнер ұжымдарының бірі. Театр ұжымы бүгінде талантты артистер мен қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарды. Елімізде және шетелде өткен Халықаралық, республикалық театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыты мен бағдары да айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу.

Бүгінде мемлекеттік қуыршақ театрының қойылымдарына арналған 500-ден аса қуыршақ бар екен. Театр сахнасында жыл сайын 5 жаңа спектакльдің тұсауы кесіледі. Яғни, репертуар толығып, жаңа кейіпкерлердің саны көбейіп отырады.