Алматыда креативті индустрия саласындағы бизнес 5,4 млрд теңге салық төлеген

Алматыда креативті индустрия саласындағы бизнес 5,4 млрд теңге салық төлеген
Сурет: Ашық дереккөзі

Алматыда І Креативті индустриялар апталығы басталды

Алматыда креативті индустрия саласында 27 мың 200 мың кәсіпорын тіркелген. Оның тек 22 мыңы жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров Алматыда І Креативті индустриялар апталығы аясында ұйымдастырылған пленарлық сессияда айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Спикердің айтуынша, Алматыда соңғы жылдары ақпараттық жүйелерді жобалау, бағдарламалық қамтамасыз ету, веб-порталдарды әзірлеу, музыка, киноиндустрия, жарнама, маркетинг, білім беру және мәдениет саласындағы қызметтер саны өсіп келеді.

«2021 жылы креативті индустрия саласындағы бизнес субъектілері 5,4 млрд теңге салық төледі. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5% өсім көрсетті. Жұмыс істеп тұрған ең көп кәсіпорын Бостандық (5862 субъект), Алмалы (5214), Медеу (3845) аудандарында, ең азы Алатау (1138) және Наурызбай (773) аудандарында байқалды»,- деді Әлішер Әбдіқадыров.

Креативті кәсіпкерлерге жүргізілген сауалнама бойынша Алматыда креативті индустрияның дамуына кедергі келтіріп отырған бірқатар мәселелер анықталды.

«Алматыда креативті кәсіпкерлердің 85%-ы инфрақұрылымға мұқтаж, 56%-ы бизнесті жүргізу құзыретінің деңгейі төмен екенін айтты, 31%-ға қаржыландыру жетіспейді, 10%-ы білікті кадрлардың тапшылығын айтты. Бұл мәселелер креативті индустрияны дамыту үшін инфрақұрылымды қалыптастыру, креативті индустрияға кәсіпкерлікті ынталандыру, креативті индустрияны дамыту үшін білім, тәжірибе мен құзыреттерді қалыптастыру, оны тарату жолымен шешіледі»,- деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.

Еске салайық, Алматыда І Креативті индустриялар апталығы басталды. Ол 1-5 қараша аралығында өтеді.

Шараға білім беру және креативті хабтар, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Голландия, Италия, Ұлыбритания елдерінің креативті сегмент ұйымдары қатысады.