Алматыда көшелер ұзартылып, жаңа көлік айрықтары салынады

Алматыда көшелер ұзартылып, жаңа көлік айрықтары салынады
Сурет: Inform.kz

Өткен жылы Рысқұлов даңғылы – Емцов көшесі қиылысында көлік айрығы іске қосылған.

Әкімшілік полиция басқармасының мәлімдеуінше, Алматыда жаңа жол-көлік айрықтары салынады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Биыл Саин көшесі мен Мөңке би көшесінің қиылысында көлік айрығын салу, сондай-ақ Төле би даңғылын ұзарту жұмыстарын бастау жоспарлануда.

«Биыл сондай-ақ Абай даңғылы, Саин көшесі, Әуезов көшесін созу, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында, Құлжа тас жолы мен Бұқтырма көшесінің қиылысында көлік айрығын салу, сондай-ақ «Сарыарқа» және «Б.Момышұлы» бекеттері бар ұзындығы 3,1 шақырымды құрайтын метро желісін пайдалануға беру жоспарда бар. Бұдан бөлек, «Думан» ықшамауданындағы ұзындығы 30,5 шақырым жолды күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау, «Алғабас», «Қайрат», «Әлмерек» ықшамаудандарындағы 43,1 шақырымды құрайтын 141 көшеде жол құрылысын аяқтау жоспарлануда», – деді Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов.