Алматыда көршісінің ақшасын ұрлаған күдікті ұсталды

Алматыда көршісінің ақшасын ұрлаған күдікті ұсталды
Сурет: Oqu.news

Ол 1985 жылы туған Б. есімді азамат болып шықты.

Алматыда көршісінен ірі көлемде ақша ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғын Әуезов аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне пәтерінен 1 миллион теңгенің жоғалып кеткенін айтып арызданған. Бұл дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді. Қажетті жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп, куәгерлерден жауап алып, тәртіп сақшылары үйді-үйді айналып өтіп, оқиға орнын мұқият қарап шықты.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде күдікті анықталды және ұсталды. Ол 1985 жылы туған Б. есімді азамат болып шықты. Тергеу барысында ұсталған азамат жәбірленушінің танысы екені белгілі болды. Олар көрші пәтерлерде тұрды: көршісі қабырғаның арғы жағында сақталған үлкен соманы білгенде, қылмыстық жоспар құрды. Қандай да бір сылтаумен, оңай ақша табу мақсатында қаскөй қонаққа келіп, қожайындары бөлмеден шығып кеткен кезде ұрлық жасаған. Ал келесі күні ер адам ол жерден көшіп кеткен», – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.

Полиция қызметкерлері ұрланған қаржының жартысын айғақ ретінде тәркіледі, қаскөй қалғанын жұмсап үлгерген. Тергеушілер күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын міндетті түрде тексереді.