Алматыда коронавируспен науқастанған балалар саны 10 есеге өскен

Алматыда коронавируспен науқастанған балалар саны 10 есеге өскен
Сурет: Rg.ru

Жыл басынан бері 3 мыңнан аса жеткіншек қауіпті вирус жұқтырған

Мұндай деректерді қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының өкілдері келтірді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz "Алматы" телеарнасының сайтына сілтеме жасап.

Биыл жыл басынан бері 3 мыңнан аса жеткіншек қауіпті вирусты жұқтырған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 400-ден аспаған еді. Бұған дейін COVID-19-ды жұқтырған балаларда инфекция ағымы ересектерге қарағанда жеңіл түрде өтетіні хабарланған еді. Алайда мамандар дәл осы балалар вирусты белсенді таратушылар болып табылатынын алға тартуда.

Осы ретте, америкалық ғалымдар 5 жастан асқан балаларды Pfizer вакцинасымен егуге рұқсат беріп отыр. Мұндай шешім 2 мыңнан аса жеткіншекке жасалған зерттеу жұмысынан кейін қабылданып отыр. Сынаманың қорытындысы 91 пайызға жақсы нәтиже көрсеткен.  

«Балалар вирусты ересектерге, әсіресе, қарияларға жұқтыруы мүмкін. Сондай-ақ құрдастарының арасында тарайды. Америкада коронавирустың салдарынан жүздеген бала өмірімен қоштасты. Себебі вирус жұққанда дерт асқынып, ауыр түрде өтеді, кішкентай ағза мұндай ауыртпалықты көтере алмай қалуы мүмкін. Сондықтан қараша айының ортасынан бастап АҚШ билігі 5 жастан асқан балаларды белсенді түрде егуді бастамақ. Бұған ата-аналар да қарсылық білдіріп отырған жоқ», – деді Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман.