Алматыда Көпжасар Нәрібаев тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Алматыда Көпжасар Нәрібаев тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Бүгін Алматыда ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері Көпжасар Нәрібаевқа арналған мемориалды тақтаның салтанатты ашылуы болды. Ескерткіш тақта ғалымның 1985-2020 жылдар аралығында тұрған үйінің қабырғасына орнатылды. Салтанатты шараға белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар Көпжасар Нәрібайұлының туыстары қатысты. 

Бүгін ол 85 жасқа толар еді. Көпжасар Нәрібаев Қазақстан Республикасының қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстанның Жоғары және орта арнаулы білім министрі (1983-1987), Жоғарғы Кеңестің депутаты болды. Х және ХІ сайланған Қазақ КСР Кеңесі, 10 жыл бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды 1991-2001 жылдар аралығында басқарды. Жоғары ғылыми жетістіктері және көптеген шетелдік ғылыми және оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы сіңірген еңбегі және бірнеше халықаралық шетелдік ғылым академияларының толық мүшесі. 300-ден астам ғылыми еңбектері, оның ішінде 30 кітап пен монографиялар, 15 брошюралар шығарған. 

Алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген белгілі тарихшы, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев Көпжасар Нәрібайұлының жан-жақты дарын иесі екенін айта келіп, қызмет атқарған жылдардағы еңбегіне тоқталды. 

– Көбекен сөз өнеріне, әдебиет пен мәдениетке жақын, жан-жақты дарын иесі болатын, өлең жазатыны бар еді. Ол өз өмірінің «1986 жылға дейін және одан кейінгі кезең» деп екіге бөлінетінін айтатын. Соның ең жемісті кезеңі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры болған уақыты. Мен ол кезде ҚазҰУ-да тарих факультетінің деканымын. Қызмет бабымен көп сөйлесетінбіз. Сонда мен оның пайым мен парасат иесі, ақыл-ойдың адамы екенін түсіндім. Сол тұста тұлғалы азаматтың шапағатын біздің факультет бір кісідей-ақ көрді. Көбекең ғажап тұлға, нағыз мемлекет қайраткері еді, – деді тарихшы. 

Ал Көпжасар Нәрібаевтың шәкірті, әрі әріптесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ержан Жатқанбаев бірге қызмет атқарған жылдардағы адами қасиеттері жайында айтты. 

– Көбекең менің тәлімгерім болды. Сол кісінің арқасында 20 жылда 46 ғылым докторы мен кандидатын дайындадым. Ректор болған кезінде ҚазҰУ-дың аумағын сақтап қалды, бұл оның өз ісіне деген адалдығы мен жауапкершілігін көрсетеді. Әріптестерін қатты құрметтейтін, ұжымды бағалайтын. Көпжасар Нәрібаев ұйымдастырушылық қабілеті мол, жоғары білімнің жағдайын жетік білетін, ғылым әлемінде өз биігі мен беделі бар, парасатты тұлға болатын. Университеттегі атқарылған игілікті істердің басында Көпжасар Нәрібайұлы тұратын, - деді ол.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатынан кейін Көпжасар Нәрібаевтың ұлы Марат тілшілерге арнайы сұхбат берді.

– Бүгін отбасымыз үшін айтулы күн. Егер көзі тірі болғанда бүгін әкем Көпжасар Нәрібаев 85 жасқа толар еді. Ол 1938 жылы 3 маусымда дүниеге келген. Біздің отбасымыз 1985 жылдан бері осы үйде тұрады. Менің жастық шағым да осында өтті. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының студенті болып, одан кейін еңбек жолымды осында бастадым... Бұл үйде бізді әкемізбен байланыстыратын жарқын естеліктер бар. Мен үшін әкем көп қырлы тұлға. Өмірде, еңбекте үлгі. Әкемнің ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары болатын. Әңгіме айтқанда сөздің майын тамызатын. Ойын тереңнен толғайтын, сөзі сабырлы, жан еді. Кейде әкеммен бірге іс-шараларға барғанда оның сөйлеген сөздері мен ой орамдарын ықыласпен тыңдап, қызығатынмын. Өнерге, музыкаға жаны құмар еді. Кабинетінде ілулі тұратын домбырасын шерткенді жақсы көретін. Халық музыкасын сүйіп тыңдайтын, пластинкалардың үлкен жинағы бар. Ол кітапты көп оқитын, әсіресе, түрлі жанрдағы кітаптар өзінің жеке кітапханасында көп болды. Әкемнің және бір қыры ол шынайы достықтық бағасын білетін. Достары тым көп болмаса да, олар қуанышта да, қайғыда да қасынан табылатын. Дастархан басында отырғанда қазақша, орысша әндер айтып, кез келген отырысты жандырып жіберетін. Әкемнің өлең жазатыны да бар. Кейіннен 1986  жылы әйгілі «Желтоқсан оқиғасынан» кейін қызметін пайдаланып, жоғары оқу орындарында қазақ жастарын шектен тыс көбірек оқытып, басқа ұлт өкілдеріне зиян келтірді деген айыппен қызметінен босатылды. Сол кезде зардап шеккен жастарымызға арнап өлең жазды, - деп еске алды ұлы.