Алматыда көпқабатты автотұрақтар салынады

Алматыда көпқабатты автотұрақтар салынады
Сурет: Еcospacerus.ru

Бұл туралы қалалық мобильділік басқармасы хабарлады.

Қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында ақылы автотұрақ қызметін ұйымдастыруға қатысты алматылықтардың көптеген шағымдары сарапталып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

 «Азаматтар көбіне автотұрақтардың техникалық жағдайына, таңбалау мен арнайы сәйкестендіру белгілерінің жоқтығына, төлем жасау кезіндегі қателіктерге, тұрақ орындарының жеткіліксіздігіне және т.б. шағымдануда. Тұрғындардың өтініштері жан-жақты сарапталып, қарастырылған. Алдағы уақытта автотұрақтардың жұмысын жақсарту бойынша шаралар қабылданатын болады», – деп хабарлады басқармада.

Ведомствоның мәліметінше, алдағы уақытта халықаралық тәжірибені ескере отырып, ақылы автотұрақтардан түсетін қаражатты көшелер мен аулаларды абаттандыруға пайдалану арқылы қалалық автотұрақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жоспарлануда.

«Сонымен қатар қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін қалада көпқабатты автотұрақтар салу басымдыққа ие болады», – деп хабарлады басқарма. 

Еске сала кетсек, «Алматы Спецтехпаркинг Сервис» ЖШС-нің 70% үлесін және «Алан паркинг» ЖШС-нің 100% үлесін қала меншігіне қайтару туралы ұсыныстар енгізілген. Қос компания шаһардағы көлік тұрақтарының басым бөлігін басқарып келген.