Алматыда көлік полицейлерінің қатысуымен оқу-әдістемелік жиын өтуде

Алматыда көлік полицейлерінің қатысуымен оқу-әдістемелік жиын өтуде
Сурет: Polisia.kz

 Ауқымды басқосу екі күнге созылады. Іс-шараның бірінші күні саптық байқаудан басталды.

Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің төрағалығымен ҚР ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясы базасында департаменттің аумақтық бөліністерінің басшы құрамына оқу-әдістемелік жиын өткізілуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Басқосу барысында Оңал Бекеев бүгінгі күні ішкі істер органдары қызметкерлеріне жүктелген басым міндеттерге ерекше назар аударды. Ол өз сөзінде Ел Президенті Қ. Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен және Ішкі істер министрі М. Ахметжановтың қадағалап, іске асырылуына мұрындық болуымен ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқандығына тоқталды.

"Алдағы уақытта да полицейлердің негізгі міндеттері өзгеріссіз қалады: халыққа адал қызмет ету, азаматтардың құқығын қорғау және қоғамдық тәртіпті мүлтіксіз қамтамасыз ету. Жұртқа жақын полиция дегеніміз – оқыс жағдайға тап болған азаматтарға кез келген уақытта, кез келген жерде дер кезінде көмекке келе алатын полиция. Жаңа қазақстанның полициясы заман талабына сай міндеттерді шешуге, конституциялық тәртіпті сақтауда бекем болулары тиіс", – деді көлік полициясының басшысы.

Полицияның сервистік жұмыс үлгісіне көшуі осы мақсатта жүзеге асырылып жатыр. Осы бағытта жеке құрамға ІІМ-нің талаптары жеткізіліп, заңдылық пен тәртіпті сақтау жөнінде қосымша нұсқаулар берілді. Бұдан соң жиынға қатысушылар ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясының басшылығымен кездесіп, білім беру мекемесінің бүгінгі тынысымен танысты.

Сондай-ақ, академияның түлектерімен де арнайы жүздесіп, олардың ішкі істер органдарына, соның ішінде көлік полициясына қызметке орналасу туралы пікірлері тыңдалды. Талай жылдан бері ішкі істер органдарында еңбек етіп келе жатқан білікті мамандар болашақ офицерлерге қызметтің қыр-сыры туралы жан-жақты әңгімелеп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Іс-шара шеңберінде өңірлерден келген департамент бөліністерінің басшылық құрамына жауапты ведомстваның өкілдерімен бірлесіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі полиция жұмысының сервистік моделі, тобыр психологиясы: дағдарысты басқару, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ІІО қызметкерлері үшін көпшілік алдында сөз сөйлеу техникасы тақырыптарында кеңейтілген семинар-тренингтер ұйымдастырылды.