Алматыда көктайғаққа қарсы 23 тонна құм себілді

Алматыда көктайғаққа қарсы 23 тонна құм себілді
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Көшені қардан тазартуға 1410 жол жұмысшысы жұмылдырылды

Алматыда 29 қаңтар күні сағат 13.00-де сілбі қар жауа бастады. Көктайғақтың алдын алу мақсатында қар жауа салысымен жолдарға, жол қиылыстарына, көлік айрықтарының құламаларына көктайғаққа қарсы материалдар себілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқармасының мәліметінше, сағат 18.00-дегі жағдай бойынша 23 тонна көктайғаққа қарсы материалдар пайдаланылды.

Тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын және басқа да жалпы пайдалану орындарын тазалауға ерекше көңіл бөлінді.

619 бірлік арнайы техника, оның ішінде 203 құмшашқыш және 1410 жол жұмысшысы жұмылдырылды.

Аудан әкімдіктері мен қала әкімдігінде қар тазалау жұмыстарының өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Қазгидрометтің болжамы бойынша кешке қарай қардың түсуі тоқтайды. Таңертең түске дейін аздаған жауын-шашын күтіледі. Ауа температурасы түнде -4 градусқа дейін, 30 қаңтарда күндіз 0 шамасында.