Алматыда қызметтік ит кәмпиттің қағазына оралған есірткіні тапты

Алматыда қызметтік ит кәмпиттің қағазына оралған есірткіні тапты
Сурет: Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі

Есірткі ұнтағы арнайы сараптамаға жіберілді.

Алматы полицейлері қызметтік иттің көмегімен «Батончик» кәмпитінің қағазына оралған есірткі ұнтағын тапты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №72 мекемесінде (тергеу изоляторы) Миф атты қызметтік иттің көмегімен  ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы бойынша адам тонағаны үшін сотталған Аян атты тұтқынға арналған сәлемдеменің ішінен есірткі табылды», - делінген аталмыш мекеменің баспасөз қызметінің хабарламасында.

«Қазпошта» арқылы жіберілген «батончик» кәмпитінің қағазына оралған есірткі ұнтағы арнайы сараптамаға жіберілді.

Аталған мекеменің режим бөлімінің қызметкерлерімен бірге сәлемдемелерді тексеруге қатысқан Миф - Ішкі істер министрлігінің кинология орталығында арнайы дайындықтан өткен ит.

Ал, бұрын да адам тонағаны үшін сотты болған Аянға сәлемдеме жіберген Алматы қаласының тұрғынына қатысты алдын ала тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.