Алматыда «Қыз Жібек» операсы қойылды

Алматыда «Қыз Жібек» операсы қойылды
Сурет: Ашық дереккөз

Бақыт Әшімованың туғанына 85 жыл

Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрында Қазақстанның халық әртісі Бақыт Әшімованың туғанына 85 жыл толуына орай Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы қойылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Қыз Жібек» операсындағы басты рөлдерді Әйгерім Шәріпбек (Жібек), Болат Қанағатов (Төлеген), Есенгелді Рза (Бекежан) ойнаса, спектакльдегі Қамқа партиясын Бақыт Әшімованың шәкірті ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина сомдады.

Бақыт Әшімованың шығармашылық өмірі 30 жылдан астам Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрымен тығыз байланыста болды.

Бақыт Әшімова қазақ және шетел классикасының опера спектакльдерінде көптеген партияларды орындады.

Оның Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Қамқа, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Қарлығаш, Б.Жұманиязовтың «Махамбет» операсындағы Фатима, М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы Аналық, С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсындағы Нұрсұлу, Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсындағы бейнелері шығармашылық қызметінің шырқау шыңы болды.

Құрметті демалысқа шыққаннан кейін Бақыт Әшімова өзінің шығармашылық қызметін Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрында репетитор-ұстаз ретінде жалғастырды.

Бақыт Əшімованың шəкірттері Қазақстан қалаларында ғана емес, шет елдерде де жемісті еңбек етіп, өнер көрсетіп жүр.

Оның көпшілікті сүйсіндірген əсем дауысы, табиғи шеберлігі классикалық жəне халықтық музыканы сүйетін көрермендерінің жүрегінде мəңгі қалады.

Еске салайық, Бақыт Әшімова осыдан он бір жыл бұрын 75 жасқа қараған шағында өмірден озған болатын.